Мәдениет

Өнердегі өнегелі із

Өткен сенбі күні Өнер орталығында қазақ өнерінің мәдени дамуына саналы ғұмырын арнаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Дүйсенбаевты еске алуға арналған «Есімдесің, Есаға…» атты кеш өтті.

Кеш шымылдығы Есенгелді Дүйсенбаевтың өмір жолынан сыр шертетін бейнематериалмен ашылды.

Облыстық филармонияны жиырма жылға жуық басқарған азамат көптеген өнер ұжымдарының ашылуына мұрындық болды. 1984-1991 жылдар аралығында Ақтөбе музыка училищесінде оқытушылық қызмет атқарған ол арнайы саксофон класын ашты. Кейіннен Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны үздік дипломмен тәмамдады. 2009 жылы Есенгелді Дүйсенбаевтың есімі «Қазақстанның ерекше тұлғалары» атты энциклопедияға енгізілді.

Кеште ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, ҚР мәдениет саласының үздігі

Жұлдыз Нұрқасымова, А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, «Аққу» би ансамблі, Қазақ камералық хоры, филармония әншілері Аймұрат Мәжікбаев, Ернар Дүйсеев, Өркен Сағиев, т.б өнер көрсетті.

— Өздеріңізге белгілі, Есенгелді Дүйсенбаев 1991-2012 жылдары Ақтөбе облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі, директоры қызметін атқарды. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардың бастапқы күрделі кезеңінде болған қиындықтарға қарамастан, Ақтөбе өңірінің кәсіби өнер ордасы болып саналатын облыстық филармонияны сақтап қалуға және әрі қарай дамытуға бастамашы болды. Ол кісінің ықпалымен Қазақ камералық хоры, Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, «Саз» балалар студиясы, «Аққу» би ансамблі, классикалық музыка және «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамбльдері ашылды. Бұлар бүгінде ақтөбеліктердің мақтан тұтар өнер ұжымдарына айналды. 2005 жылы Елбасының қолынан «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.

Биыл концерттеріміздің басын еске алу кешімен бастап отырмыз. Осындай тұлғалардың есімін кейінгі жастарға танытумыз керек. Есенгелді Дәуітұлының қазақ өнеріне қосқан ерен еңбегі мақтан тұтуға әбден лайық, — дейді облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button